Ответ(ы) на вопрос:
Гость
Елбасы Қазақстан халқына жолдауында «Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені өз жерінде өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс» – деп атап өткен болатын. Ел Президентінің бұл сөзі жастарға серпіліс беріп және оларға үлкен сенім артатынының дәлелі. Елім, жерім, тілім, дінім деген әрбір қазақты патриот дейміз. Алайда бүгінгі өсіп келе жатқан жаңа буын, ертеңгі ел тізгінің ұстайтын азаматтарымыз патриот ұғымын қалай түсінер екен? Назарларыңызға шағын түрде жүргізілген сауалнаманы ұсынамыз. Патриоттық ұғымды қазіргі уақытта қалай ұғынасыз? Сіз өзіңізді патриотпын деп айта аласыз ба? Гүлмира, Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетінің студенті: Менің ұғымымдағы патриоттыққа келер болсақ, біріншіден, мен өзімді патриотпын деп есептеймін. Менің бұған дәлелім, кез келген жерде кез келген уақытта тек қазақ тілінде сөйлеймін. Егер маған қазақ тілінде ақпарат бере алмайтын орта болса, ана тілімізде жауап қатуды талап етемін. Менің бұл өз тіліме деген үлкен құрметім. Патриоттық ұғымымызда еліне, туған жеріне деген ғана сүйіспеншілікпен ғана шектеліп қоймайды, ол қазақ халқына тән барлық құндылықтарды құрметтеу болып табылады. Айнұр, Қазақ Ұлттық Университетінің магистранты: Әрбір қазақпын деген азамат, ол өз елінің патриоты болуы тиіс деп ойлаймын. Сол секілді мен де өзімді патриотпын деп толық айта аламын. «Отан от басынан басталды» демекші. Кішкентай күнімнен ата-анам мені мектепке бермей тұрып-ақ маған әнұранды жаттатқызып, рәміздер дегеніміз не екенін, олардың мемлекет үшін маңызы қандай екенін ұғындырып өсірді. Осылай менің туған Отаным деген алғашқы патриоттық сезім қалыптасты. Қазірде халқымыздың өткен тарихы мені қатты қызықтырады, ол туралы оқудан, танып-білуден жалыққан емеспін. Бұның барлығы менің ұлтыма деген сүйіспеншілік, оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сондықтан да қазіргі уақытта өзіміз секілді жастар бойында бірінші орында тіліне, еліне, жалпы айтқанда өзінің ұлттық құндылықтарына деген құрметі тұруы басты міндет деп есептеймін. Ерлан, Мәскеу университеттерінің бірінде оқитын аспирант: Мен әрине, өзімді патриотпын деп санаймын. Қазір мен елімнен жырақта, көрші мемлекетте білім алып жатырмын. Менің бөлмемде көк туым мен қазақтың қара домбырасын қоспағанда көрпе-жастығымнан бастап, жамылатын жапқышыма дейін қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен өрнектелген. Қара шайды да арнайы қазақтың оюы салынған кесемен ішемін. Қол дорбам да, қалта әмияным да қазақтың нақыштарымен жасалып, тігілген. Мен бұның барлығын арнайы іздеп жүріп сатып алғанмын, кейбірін тапсырыспен жасаттым. Өз еліңде жүрген уақытта аса білінбейді екен. Ал өзге елде жүргенде туған жерге деген сағынышты айтып жеткізу мүмкін емес. Қазақстанға қатысты қандай бір жаңалықтар болып жатса, бәрін жиып қойып тыңдаймын. Қасымда Африкадан, Түркиядан, Индиядан бірге оқитын достарым бар. Олар біздің дәстүрімізге, мәдениетімізге үлкен қызығушылар танытады. Бұл мен үшін мақтаныш. Өзімді қазақ екенімді, қазақ болып туғанымды мақтан етемін. Патриоттық, меніңше, білгелі бір уақытқа, кезеңге бөлінбейді. Ол әрқашанда өзінің ұлтына деген ыстық сезімнен тұрады. Аида, Қазақ Ұлттық Университетінің магистранты: Өзімді патриотпын деп ойлаймын. Әрбір қазаққа қатысты дүние болса, оған бей-жай қала алмаймын. Қолымнан келгенше көмегімде ұсынуға дайын тұрамын. Бұл ұлтыма деген ыстық ықыласымнан деп білемін. Өз бойымдағы патриоттық сезімді сөзбен жеткізіп айту қиын, әрине. Былтыр Лондонда өткен жазғы Олимпиада ойындарында еліміздің әрбір спортшысына жанкүйер болдым. Әсіресе спортшыларымыз алтыннан алқа тағып, көк туымыз көкте желбіреп, әнұранымыз шырқалып жатқан уақытта көзіме еріксіз жас келді. Бұл бір қазақ ұлтына деген ұлы махаббаттан деп айта алар едім. Қазіргі уақытта патриоттыққа келер болсақ... Мін сізге мынандай бір мысал келтірейін, бірде таңертең үйден шығып аялдамаға қарай бара жатсам, жасы 3-4 шамасындағы түріктің баласы қолын жүрек тұсына қойып, айқайлап қазақтың әнұраның айтып келе жатыр. Әнұран біткен соң екінші қайтара тағы айтты. Қасында жетектеп келе жатқан әкесіне сен де бірге қосылып айт деп қолқа салып қояды. Байқап келе жатқан мен, оған қызыға, таңдана қарадым. Міне, Отанды сүю отбасынан басталады деген осы. Күнде таңертең сол жолмен кетіп бара жатқанда қаншама қазақтың кішкентай баласын көремін. Бірі мектепке, бірі балабақшаға асығып бара жатқан. Бірақ ешқайсының осылай әнұран айтып кетіп бара жатқанын осы уақытқа дейін байқамаппын. Айтпағым қазақтың әрбір баласын кішкентайынан осындай тәрбиеге баули білсек, шынымен еліне, ұлтына жаны ашитын ұрпақтың саны көп болар еді.
Не нашли ответ?
Похожие вопросы