Право

Ертеде ел арасында жаугершілік жиі болатын кезде қазақтың екі жауынгері төс қағысып дос болады. Бірде әскерлер бір өзеннің бойында қос тігіп дамылдапты. Тұтқиылдан жаудың қалың қолы шабуыл жасапты. Малды айдап, мүліктерін тиеп кетіпті. Қолға түскен азаматтарды айдап әкетіпті. Әлгі екі достың біреуі жау қолына түседі. Досының қолға түсіп қалғанын естіген екінші батыр күздің қара суығын елеместен өзенді малтып өтіп, жау жатқан жағаға келеді. Анталаған жау әскерлері оны тарпа бас салады. Жауынгер өзін қолбасшыға апаруын өтінеді. Алып келген соң ол жаудың қолбасына: - Мен қолдарыңа түскен бір жауынгерге құн төлеп, сатып алуға келдім. Менің оған айырбастап берер мал мүлкім жоқ. Бір-ақ нәрсе беремін. Ол - өзімнің өмірім. Досымды босатыңдар, ол үшін менің өмірімді алыңдар, - дейді. Қолбасшы ойланып отырып, оны сынамақ болады да: - Жарайды, мен сені қыршыныңнан қимай-ақ қояйын. Маған сол өміріңнің бір бөлшегін ғана берсең болады, - дейді. - Ол не? – дейді досын құтқаруға асыққан жігіт. - Маған сенің көздерің керек? – дейді қолбасы, - екі көзіңді ойып аламын. - Ол да болсын, көзімді ал да, досымды тезірек босат, - дейді. Жігіт бұл сыннан сүрінбей өтеді. Әлгі жауынгер тұтқыннан босаған досының иығына қолын салып, зағип күйі қуанып, күлімдеп келе жатады. Мұны көрген жаудың қолбасы: «Мынадай ерлері бар халықты тұтқиылдан келіп, қапыда бас салған жағдайда болмаса, бетпе-бет ұрыста жеңу қиынға соғады» - деп түйеді. Сөйтіп өз әскерлеріне шегінуге бұйрық беріпті. Переведите